Skip to main content

Арнайы қызмет көрсету орталығында әйелдің жүктілігін заңсыз үзді.

Submitted by Вера Александрова on

Қарағанды облысының прокуратурасы Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында тексеру жүргізіп, әрекетке қабілетсіз азаматтардың құқықтарының бұзылғанын анықтады. 

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, Орталық қызметкерлері қамқорлықтағы адамдардың зейнетақылары мен жәрдемақыларын ұтымсыз жұмсаған. 

Олар тауарларды асыра бағаланған бағамен сатып алғаны, кейде бұл баға нарықтық құннан екі есе артық болғаны хабарланды. Келтірілген залал 15 млн теңгеден асты.

Сонымен қатар, Орталық қызметкерлері 70 млн теңгеден астам сомаға негізсіз биологиялық белсенді қоспалар сатып алған. 

Сонымен бірге, Орталықтардың бірінде қамқорлықтағы әйелдің жүктілігін заңсыз үзген жағдай анықталды. Барлық фактілер бойынша прокуратура сотқа дейінгі тергеу бастады.

Еске салайық, тамыз айының соңында желіде Қостанай балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ер адамның баланы жүгіру жолында тепкілеп және таяқпен итермелеп жүгірткені көрінген бейнежазба пайда болған еді. 

Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік қызметтерді үйлестіру басқармасы тиісті шаралар қабылдап, кінәлі адамдарды жазалағандарын мәлімдеді.

Өткен жылдың тамыз айында Көкшетау Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының 6 қызметкері жұмысқа орналасу үшін медициналық тексеруден өту кезінде жалған медициналық анықтамалар тапсырған. 

Көкшетау полиция басқармасы ресми құжатты қолдан жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.