Skip to main content

Алматы облысында 100-ден астам үлескер 972 млн теңгеге алданып қалды

Submitted by Вера Александрова on

Алматы облысының Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Департаменті Қаскелең қаласында көппәтерлі тұрғын үйлер салу кезінде аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша тергеуді аяқтады.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, "Торедо" ЖШС басшылары құрылыс жүргізуге лицензиясы, рұқсаты және жобалық-сметалық құжаттамасы болмаса да, әлеуметтік желілерде "НОМЕ", "НОМЕ Южный", "НОМЕ SAU" және "НОМЕ МAK" тұрғын үй кешендерінің құрылысын белсенді түрде жарнамалаған. 

Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының міндетті кепілдігі болмағанына қарамастан, олар мақсатты жарнама арқылы 100-ден астам азаматтан 972 млн теңге тартқан. 

Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары бұзушылықтармен жүргізіліп, белгіленген мерзімде аяқталмаған. Нәтижесінде үлескерлер құқық қорғау органдарына жүгінген.

Сот санкциясымен күдіктілердің құны 240 млн теңгеден астам мүлкіне тыйым салынды. Активтер қатарында 12 жер телімі, 9 автокөлік, аяқталмаған үш қабатты ғимарат және жеке үй бар. 

Қазіргі уақытта күдіктілер қамауда отыр. Іс сотқа жолданды.

Еске сала кетейік, қаңтар айында хабарланғандай, Алматыда бір ЖШС-тің басшылары үлескерлердің 2,5 млрд теңге қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. Төрт күдіктінің тұрғын үй кешендерін салуға және әлеуетті сатып алушылардың қаражатын тартуға құқығы болмаған. Іс бойынша 312 адам зардап шеккен деп танылды.

Сәуірде Ақтөбе облысының прокуратурасы "Тұрғын үй" тұрғын үй-құрылыс кооперативінің (ТҮҚК) 75 үлескерінің 421 млн теңгесін жымқыру туралы істі сотқа жолдады.