«Алматы электр станциялары» АҚ («АлЭС») монополияға қарсы заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4,4 млрд теңге айыппұл салынды. Сот шешімі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) Алматы қаласы бойынша департаменті жүргізген тергеу нәтижелері негізінде шығарылды.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, тергеу Алматы индустриялық аймағының аумағында қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында басталған.
«Индустриялық аймақ жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында құрылған және Алматы қаласында өнеркәсіптің басым бағыттарын дамытуға арналған. Оның аумағында 118 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, олардың жалпы инвестиция көлемі 400 млрд теңгеден асады. Энергия ресурстарын жеткізу және тұтыну шығындарын азайту мақсатында мемлекет ЖЭО-2 шиналарына тікелей қосылған желілерді тартты», – делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, департамент тергеуі «АлЭС» энергиямен жабдықтаушы ұйымды қосымша беру қызметімен бірге электр энергиясын үлестес электр беру ұйымының желілері арқылы сатып алуға міндеттегенін анықтады. Бұл ретте индустриялық аймақтың аумағында қалалық электр желілері болмаған.
Нәтижесінде «АлЭС» АҚ 4,4 млрд теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қаулы заңды күшіне енді, айыппұл толық көлемде төленді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Казферросталь» ЖШС Алматыдағы Кіші Алматы жағалауында шлакты заңсыз көму және металл сынықтарын сақтау үшін 11,4 млрд теңге айыппұл төлеуге міндеттелген болатын.
Фонд-бюро расследования коррупции