Антикор қызметкерлері Ақтөбе облысында бюджет қаражатын пайдаланудың орындылығына мониторинг жүргізіп, бірқатар нысандардың құрылысы кезінде бірнеше бұзушылықтарды анықтады.
Ratel.kz деректері бойынша, ведомство қызметкерлері өткен жылы 1,3 млрд теңгеге салынған Шалқардағы мектепте кәріз-сорғы станциясы мен үй-жайдың желдету жүйесі әлі күнге дейін жұмыс істемейтінін анықтады. Сонымен қатар, мектеп аумағы абаттандырылмаған, тіпті ауласында спорт алаңы да жоқ.
Оған қоса, 500 млн теңгеге салынған 300 төсектік туберкулезге қарсы диспансер мүлдем пайдаланылмайтыны хабарланады.
Сонымен бірге, қазір салынып жатқан «Шилисай» тұрғын алабындағы мектеп те қажетсіз болып шықты. Белгілі болғандай, мектеп 1200 балаға есептелген. Ал «Шилисайдағы» мектеп жасындағы балалардың жалпы саны небәрі 88 баланы құрайды.
Білім беру мекемесіне бюджеттен 1,8 млрд теңге жұмсалған, алайда құрылыс басқармасы нысанды 5 жыл бойы салып бітіре алмай отыр. Білім басқармасы да нысанның құрылысын қалай жоспарлағандарына және жетіспейтін оқушыларды қайдан жинауды көздегендеріне жауап беруге қиналып отыр.
Тағы бір жағдайда, Мұғалжар ауданының Жарық ауылында газдандыру және су құбырын салуға бюджеттен 350 млн теңге бөлінген. Нәтижесінде газ жүргізілмеген, ал су құбырымен келетін су санитарлық нормаларға сәйкес келмейді.
«Антикор өз уақытында облыс әкімінен осы фактілер бойынша кінәлі шенеуніктерді жауапқа тартуды сұраған еді. Бірақ бұл қызметкерлер әлі күнге дейін ешқандай проблемасыз жергілікті атқарушы органдарда мансаптарын жалғастырып жатыр», - деп түйіндеді журналистер.
Фонд-бюро расследования коррупции