Skip to main content

Ақмола облысындағы білім бөлімінің бухгалтері 5,8 млн жымқырды

Submitted by Вера Александрова on

Ақмола облысында Целиноград ауданы білім бөлімінің бухгалтері бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды.
 
Ақмола облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушы 5,8 млн теңге жымқырған.

«Мекеме бухгалтері қызмет бабын пайдаланып, құжаттарды бұрмалап, өз шоттарына негізсіз ақша аудару фактілерін жасырған», - делінген хабарламада.

Сот оны кінәлі деп танып, пробациялық бақылау белгілей отырып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Мемлекетке келтірілген залал өтелгені хабарланды.

Еске сала кетейік, қаңтар айында хабарланғандай, Алматы Антикоры «Әділдік жолы» РҚБ Алматы филиалымен бірлесіп, №141 жалпы білім беретін мектепте қаржылық бұзушылықтарды анықтады. Аталған мектептің бухгалтері 2019 жылдан 2023 жылға дейін бюджет қаражатын жымқырып, мемлекетке 57 773 400 теңге көлемінде залал келтірді деген күдікке ілінді.

Ақпан айында белгілі болғандай, Алматы облысының Антикоры «Алматы облысы Іле ауданының білім бөлімі» ММ басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді жүргізіп жатыр. 

Ол 680 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінген. Тергеу оның Іле ауданының орта мектептерінде жұмыс істейді деген жалған қызметкерлерге жалақы есептеген деп санайды.