Skip to main content

Air Astana-да 1,05 млрд теңгеге жымқыру анықталды

Submitted by Вера Александрова on

Сеніп тапсырылған мүлікті мақсатсыз жұмсау «Эрнст энд Янг» ЖШС мамандары жүргізген авиакомпаниядағы аудиттен кейін анықталды. 

Telegram-арнасының «Kozachkov offside» мәліметінше, авиабилеттерді брондау жөніндегі ақпараттық жүйеге өзгерістер енгізілгеннен кейін ақша ұрланған.

«Аудиторлық есепті алып, Air Astana басшылығы құқық қорғау органдарына жүгінді – авиакомпания өкілі Ерболат Сүгірбаев арыз жазды. Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі – аса ірі мөлшерде ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді», - делінген хабарламада.

Қылмыстық әрекеттерден келтірілген залал 1 млрд 54 млн 710 мың теңгені құрады. Бұл үшін жаза 7 жылдан 12 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруды көздейді. 

«Әдетте мұндай жағдайларда қылмыстық іс кәсіпорынның лауазымды тұлғаларына қатысты тергеледі. Сондықтан ұлттық әуе тасымалдаушысының топ-менеджерлерінің бірі сот отырысына тартылуы мүмкін», - деп хабарлады журналистер.

Еске салайық, өткен жылдың желтоқсанында Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Air Astana авиакомпаниясын әуе тасымалы нарығында монополиялық жағдайды теріс пайдаланғаны, атап айтқанда жанармай жинағын негізсіз қолданғаны үшін кінәлі деп танып, оны 876 млн теңгеден астам сомаға айыппұлға тартқан болатын.