Шымкентте «Дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері» ММ директоры мен бухгалтері сотталды.
«Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Шымкент қаласының «Дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері» ММ басшысы Долбилова И.-ға және осы ұйымның бухгалтері Абдукаримова М.-ға қатысты үкім шығарды» — деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі.
Олар бюджет қаражатын жымқыруда кінәлі деп танылды. Тергеу деректері бойынша, мекемеде сол жерде жұмыс істемейтін адамға заңсыз жалақы есептеліп тұрған. Залал 3,4 млн теңгені құрады.
Сот оларға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Еске сала кетейік, тамыз айында Атырау сотында №4 қалалық емхана директоры Сабиров Е.-ға, шаруашылық меңгерушісі Альжанова А.-ға, бас бухгалтер Дюсенгалиева М.-ға және кәсіпкер Ералиева А.-ға қатысты үкім жарияланған болатын. Олар қызметтер нақты көрсетілмей, кәсіпкерге ақша аудару арқылы 231,8 млн теңгені жымқырды деп айыпталған.
Одан сәл бұрын Алматыда қалалық емхананың бухгалтерлері Хангиреева К.-ға және Туганбаева А.-ға қатысты үкім жарияланды. Олар бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған. Залал 341 млн теңгеден асқан.
Шілде айында Республикалық дерматология ғылыми орталығының басшысы орынбасарымен бірге сыбайлас жемқорлыққа күдікке ілінгені хабарланған болатын. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша қызмет көрсетуге шарт жасасу үшін Халықаралық жоғары оқу орнынан кейінгі білім институтының басшысынан 5 млн теңге көлемінде пара алу туралы айтылған.
Шамамен сол уақытта астаналық медициналық орталықтың дәрігері Макишев жоспарлы хирургиялық операция жасағаны үшін пациенттен 500 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін сотталды.
Фонд-бюро расследования коррупции