Skip to main content

3 млрд теңгеге Ұлытау облысында марганецті заңсыз өндірді

Submitted by Вера Александрова on

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Ұлытау облысында марганец кентасын өз бетінше өндіру және оны кейіннен заңдастыру фактісі бойынша істі сотқа жолдады. 

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті 2020 жылдан 2023 жылға дейін рұқсат құжаттарынсыз «Восточный» карьерінде марганец кентасын заңсыз өндірген.

Заңсыз әрекеттер «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ ұсынған аэроғарыштық суреттермен расталғаны хабарланды. 

«Жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактілері бойынша тергеу барысында карьер орналасқан жер учаскесінің уәкілетті органдармен жер қойнауын пайдалану үшін берілмегені, тиісті тіркеудің жоқтығы анықталды», - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, күдікті жалған құжаттар ресімдеп, заңсыз өндірілген марганец кентасын заңдастырып, оны Қазақстан аумағында және шетелдерде сатқан.

«Мемлекетке 1 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілгені анықталды. Заңсыз өндірілген кентас көлемі жалпы сомасы 3 млрд теңгеден астам 16 мың тоннаны құрайды», - делінген хабарламада.

Күдіктінің мүлкіне 337 млн теңге сомасына тыйым салынды.

Еске салайық, қыркүйек айының басында Ақтөбе табиғат қорғау прокурорлары Ақтөбе облысы Хромтау ауданында хром кентасын қайта өңдеу кезінде «Восход Хром» ЖШС қызметіндегі бұзушылықтарды анықтады. Кәсіпорынның 2022 жыл бойы міндетті экологиялық рұқсатсыз жұмыс істегені хабарланған болатын.