Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) «Атырау мұнай өңдеу зауыты» (АМӨЗ) ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Мұрат Досмұратовқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, ол мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірген ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп күдіктелуде.
Жеткізілген жабдыққа кепілдік мерзімі болғанына қарамастан, Досмұратов АМӨЗ қаражатынан негізсіз ақша бөліп, технологиялық жабдықты жөндеуге 1,9 млрд теңгеге келісімшарт жасасқаны хабарланады.
«М.А. Досмұратовқа қатысты үй қамауы түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін жария етілмейді», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін АМӨЗ-дің экс-бас директоры Шұхрат Данбай лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланудың төртінші эпизоды бойынша кінәлі деп танылғаны хабарланған еді.
АМӨЗ басшысы бола тұра, жабдықты орнатушы ақауларды жоймағанына қарамастан, ол мұнайды терең өңдеу кешенін пайдалануға енгізу туралы бұйрыққа қол қойған. Естеріңізге сала кетейік, кәсіпорынның залалы сол кезде 728 млн теңгеге жуық бағаланған еді.
Сот Данбайға мемлекеттік қызметте лауазымдарды өмір бойы атқаруға тыйым салып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.
Бұған дейін Шұхрат Данбай лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны және бөтен мүлікті иемденгені үшін үш түрлі эпизод бойынша сотталған, ол үшін 3,5 жыл бас бостандығын шектеу алған еді.
Фонд-бюро расследования коррупции