Skip to main content

5 млрд теңге автобустарды жөндеуге бөлу жоспарлануда

Submitted by Вера Александрова on

«Алматыэлектротранс» қалалық автобус паркі 5 млрд теңге бюджет қаражатын автобустарды жөндеуге және қызмет көрсетуге жұмсауды жоспарлап отыр.

БАҚ мәліметінше, конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдау 3 қыркүйекте басталып, 18 қыркүйекте аяқталады.

«Тапсырыс беруші – «Алматыэлектротранс» ЖШС; атауы – автомобиль көліктерін жөндеу жұмыстары; қосымша сипаттамасы – Golden Dragon маркалы автобустарға жөндеу және кепілдік қызмет көрсету жұмыстары; жоспарлы сома – 5 083 321 740 теңге», — делінген мемлекеттік сатып алу порталында орналастырылған лот сипаттамасында.

Еске сала кетейік, былтыр шілдеде Алматы облысының Жетіген ауылында қазақстандықтар «автобус зиратын» тапқан болатын. Сонда азаматтарды қалалық бағыттарда жақында ғана жүрген жүздеген автобустың қалада көлік жетіспеушілігі кезінде бос тұрғаны ашуландырды.

Өз кезегінде «Алматыэлектротранс» автобус паркі хабарлағандай, Президенттің экологиялық таза көлік түрлеріне көшу қажеттігі туралы тапсырмасынан кейін дизельді автобустарды Алматы облысы әкімдігінің балансына беру туралы шешім қабылданды.

Сол кезде 2023 жылы «Алматыэлектротранс» ЖШС Zhanarna LTD компаниясымен 595 автобусты тасымалдауға 89 млн теңге сомасына келісім жасасқаны белгілі болды.

Zhanarna LTD компаниясының негізін қалаушы — «Алматыэлектротранс» ЖШС-не жылына 320 млн теңгеге «автобус зираты» деп аталатын аумақты жалға беретін Айдын Омаровтың жұбайы Гауһар Омарова екені хабарланған болатын. Ашық деректерге сәйкес, 2021 жылы Омаров «Алматыэлектротранс» ЖШС-тен 54 млн теңге алса, 2022 жылы бұл сома 159 млн теңгеге дейін өскен. Бұл төлемдер сол аумақта автобустарды сақтау қызметтеріне байланысты.

Сонымен қатар, 2022 жылғы қазанда 160 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деп айыпталған «Алматыэлектротранс» бұрынғы бас директоры Бекмырза Игенбердиновтің ұсталғаны хабарланған болатын.

Кейін сот оны кінәлі деп танып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оған мемлекеттік қызметте, соттарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды.